Массагеттен іздеңіз :)

1392015409

Неге екенін білмеймін, отырдым-отырдым да, ұмыт қалған блогымды есіме алдым. Кілт сөзін де ұмытып қалып, әрең дегенде кірдім. Статистикасына қарасам, шала шансар блогымның өз оқырманы бар екен. Әлбетте ел іздеу жүйесі арқылы кіріп жатыр…

Біртүрлі осы блогымның алдында өзімді кінәлі сезініп жүрмін. Әлбетте жаңармай қалғаны үшін. Десе де блог әлемінен алыстаған жоқпын. Мен қазір Массагеттемін. Ол жақта араға көп уақыт салмай жаңарып тұратын жеке блогым бар.

Сондықтан Массагетке де ат басын бұрыңыздар дегім келеді.

Арманбек

ҚазҰУ қалашығында үнемі бір жігітті көретінмін. Қашан көрсең де, домбырасын қолынан тастамайтын. Сымбатты келген ақсары баланың жасы 19-20-лардa де шамалайтынмын.

Жексенбінің тұнық кешінде достармен ауланың сәкісінде жәй ғана отырғанбыз. Қасымдағы қыз-жігіттер шулы, көңілді,әзілқой топ еді. Бір кезде әлгі мен үнемі көретін бала алдымыздан көлбең етіп өте шықты. Әлбетте, домбырасы бар…

Әрнені әңгіме қып ерігіп отырған біздің назарымыз бірден соған ауды.

Осы жігітті күнде көремін,-деді Айбек.

-Мен де… -деді Гүлназ.

Қызық, немен айналысады екен? Нұрғазының сұрағы.

Музыкант шығар…-Жанел екеуіміз бірдей айтып қалыппыз…

Сыртынан тон пішкен сайын оған деген қызығушылығымыз арта түсіп, ақыры өзімізге шақырдық.

Ол бұрылып бір қарады да, жөніне жүре берді. «Өй, мынауың қайтеді ей?!» Бәрін басқарып үйреніп қалған Рауанды бейтаныс бозбаланың селқостығы кәдімгідей ызаландырып, Айбекке бір ым қақты да, екеуі ана баланы желкелегендей қып алдымызға әкелді. Оқуды жалғастыру

Аялдама

Күндегіше автобусымды 15минуттай күтетінімді білсем де, аялдамаға ерте келіп алмасам, көңілім көншімейді. Таңғы ауа…Жолдар…Ойлар…

…Кенет иттердің шәуілдеп үрген дауыстары шықты. Таңғы тыныштықта маужырап тұрған аялдамадағы адамдар селк етіп дауыс шыққан жаққа жалт қарастық. ҚазҰУ қалашығында өріп жүретін бұралқы иттер екен. Велосипедпен өтіп бара жатқан жігіттің жанына ерген бөтен итке сес көрсетіп жатқандағы түрлері. Қыңсылап-қыңсылап қойды. Айбат шегіп, батыл үрмеді. Ауылдың иттері бөтен ит көрсе, талап тастардай бас салмаушы ма еді. Бұлар әйтеуір үру керек секілді бір-екі шәу-шәу етті де, құйрықтарын аяқтарына қысып алып,  аялдама жанындағы дүңгіршектің көлеңкесіне үйіріліп жата қалды.

Ауылда үлкен ағам үйшігінде көз қиығымен бәрін бақылап жатқан Құтаяққа бір қарап қойып: «Осы қаланың иттері ғой бәрін біледі. Бағдаршамның жасылы жанғанда ғана жолдан өту керектігіне дейін біліп адамдармен бірге жасылды тосып тұрғанын көргенде ерекше сүйсінесің. Мына біздің Құтаяқ тек арсылдап үре беруден басқа түк білмейді»-дейтін…

Қайран Құтаяғым-ай… Оқуды жалғастыру

Сынмен қарау. Болат Атабаевтің ойлары

Режиссер Болат Атабаевтің тренингтеріне барып жүргенімді айтқан болатынмын.Тренингтерінің бірінде көрермен талғамы мен театр түрлері жөнінде айтқан нәрселері, сыни ойлау туралы пікірлері маған аса қызықты көрінді.

Театрдың екі түрі болады деді ол: Аристотельдік және Аристотельдік емес театр. Негізі өзі қойылым қойғанда Аристотельдік емес театрдың қағидаларына сүйеніп қояды екен. Бұл қағиданың талабы – көрермен қойылымға эмоциядан бұрын ақыл таразысымен қарайды. Яғни, Төлеген қайтыс болғандағы Қыз Жібектің зары жайындағы сюжетте көрерменнің көзіне жас алмастан бұрын сынмен қарап, ақылмен пайымдауы.

Оқуды жалғастыру

Үшінші курс

      «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе,   болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? «Абай. Он бесінші қара сөзінен.

 Бір жылдық өмірін бір жазбаға сыйғызып, өз-өзіне есеп беру – блогтарда бар дәстүр…Блогтарға ғана емес, қай-қай адамға да тән дүние.

Үшінші курс несімен есімде қалды?!.

Үшінші курстағы басты жаңалығымблог ашқаным болды ғой деймін. Қараша айында ашылған блогыма бүгінде алты ай :))

Өмірді тереңірек түсінгендеймін. Оқуды жалғастыру

Бақбақ

 Көктем шыққанда ҚазҰУ қалашығы қырмызы қыздай құлпырып кетеді. Құдды әдемі жасыл көйлек киіп алды дерсің… Әсіресе, таң рауанданып атып, күн ұясына қызара бөртіп батып бара жатқанда ерекше әсем. Ақындар таңды таңға ұрып жыр айтып тамсанатын Иран бағы да, тіпті Швейцарияңның құс тұмсығы өтпейтін қалың жыныс ормандары да ҚазҰУ қалашығының жанында айдалада қалады. Тек, мұны көретін көз, сезінетін жүрек керек…

Көктемде ҚазҰУ қалашығында түрлі шөптер, алуан гүлдер өсіп шығады. Биология факультетінде оқитын құрбым сол шөптердің сан түрін ажыратып айтып келе жатқанда аузыңның суы құриды.) Оқуды жалғастыру

Ауруханадағы жарты күн немесе Үш койка.

Жұрт жексенбіде үйлерінде демалып жатса, біз тіс ауруы маза бермей,жанымызды қолымызға ұстап аурухана іздедік. Сатырлаған жаңбырда қаланың қуыс көшелерінің бірінен әйтеуір бір аурухана таптық-ау…

Жексенбіде желеулетіп жүрген тек мен бе десем, қайдааа, аурухана аузы-мұрны толған халық. Толған ауру.  Ұзыннан шұбатылған кезек. Оқуды жалғастыру

СӨЖ

 Біресе ауырып, тағы да басқа себептермен осы ағайдың сабағына келгенде, әйтеуір бір сылтау шығады да қалады. Сөйтіп жүріп, бірнеше сабағынан қалып, не тапсырманы жөнді орындап, не тақылдап сабақ айтып көрмеппін…

 Группаластардан естіген сол ағайдың «Осы қыз мүлдем оқымайтын сияқты» деген сөзі намысыма қамшы боп құлаш-құлаш етіп СӨЖ (студенттің өздік жұмысы) жазып  тексертпек болдым.

Университетке келсем, дәліз абыр-сабыр. Семестрдің қорытындысы шығарылып жатқандықтан, кафедраның  кіре берісі толған студент.

 Әйтіп-бүйтіп ағайдың кафедрасына кірдім. Ағай біреулердің балдарын қорытып компьютерде отыр екен. Оқуды жалғастыру